Алматыда жанып жатқан пәтерден 63 жастағы зейнеткер құтқарылды
Алматының өрт сөндірушілері жанып жатқан пәтерден 63 жастағы ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Kazinform.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 19 желтоқсан күні таңғы сағат 03:56-да өрт сөндірушілер Бостандық ауданы Әуезов көшесі 138-үй мекенжайына барды.
Келген кезде 3 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтердің ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.
Кезекші ауысымның аға инженері-басшысы азаматтық қорғау лейтенанты Вилик Мерекеев үйдің 3-қабатындағы пәтерде адамның болуына байланысты үш иінді баспалдақты қолдану құралы арқылы газ-түтіннен қорғау қызметіне барлау жүргізуге бұйрық берді.
«Іште адамдардың бар-жоғына барлау жүргізу барысында газ-түтіннен қорғау қызметі буынының жеке құрамы төсекте жатқан 1960 жылы туған пәтер иесін тапты. Өрт сөндірушілер құтқарылған қарт адамды қызметтің дәрігерлер бригадасына апарып, дәрігерлер алғашқы көмек берді», - деп хабарлады ведомстводан.
Өрт 04-15-те толық жойылды.