Алматыда жантүршігерлік жол апатынан үш адам зардап шекті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жеңіл көлік пен автокран соқтығысты. 109 құтқару қызметінің хабарлауынша, кеше сағат 21:41-де 103 пультіне Саялы ықшамауданы Момышұлы көшесі, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының бойындағы көлік апаты туралы ақпарат түсті.

жол апаты
Фото: Алматы құтқару қызметі

— Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатынан үш адам зардап шекті, олардың біреуі көлікте қысылып қалған. Сағат 22:10-да оқиға орнына 109 құтқару қызметінің құтқарушылары жетті. Олардың жедел және келісілген әрекеттерінің арқасында 22:18-де зардап шеккен адамдар арнайы техниканы қолданбай шығарылды. Құтқару жұмыстары жылдам аяқталды, — деп атап өтті 109 баспасөз қызметі.

Түрлі дене жарақатын алған үш адам жедел жәрдем бригадаларына тапсырылды. Олардың біреуі №7 қалалық клиникалық ауруханаға, екіншісі облыстық клиникалық ауруханаға, үшіншісі екінші балалар ауруханасына жеткізілді.

Бұған дейін Алматыда автобус бірнеше жеңіл көлікпен соқтығысқаны туралы жазғанбыз. Салдарынан 6 зардап шекті. 

Еске салайық, 2 маусымда Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соғылды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары қала стационарларына барлығы 15 адамды жеткізді. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде зардап шеккен қыз баланың аяғына ампутация жасалды.

Соңғы жаңалықтар