Алматыда жарылған жылу құбыры жөнделді
Бостандық ауданында жарылған құбыр қалпына келтіріліп, үйлерге жылу мен ыстық су қайта берілді, деп хабарлайды Kazinform.
«Алматы жылу жүйесі» мекемесінің мәліметінше, Қожанов көшесі арқылы өтетін учаскедегі жылу магистралі жөнделді.
«18-нен 19 қазанға қараған түні Розыбақиев-Қожанов-Гагарин- Короленко көшелерінің бойындағы тұрғын үйлерге температуралық режимді сақтау үшін жылу берілді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгін таңғы сағат 09:30-дан басталып 15: 00-де толық аяқталды. Жылу трассасы іске қосылды және штаттық жұмыс істеп тұр»,- деп хабарлады «Алматы жылу жүйесі» ЖШС өкілдері.
Еске салайық, кеше Бостандық ауданында жылу трассасы жарылып, бірқатар тұрғын үй жылу мен ыстық судан ажыратылған болатын.