Алматыда жартастан құлаған баланы құтқарған отставкадағы полиция полковнигі марапатталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы тауларында 8 қыркүйек күні жартастан құлап кеткен баланы құтқарған отставкадағы полиция полковнигі Жалғас Әбиев Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Марапаттау рәсімі Алматы қаласы ТЖД ахуалдық орталығында өтті. Төтенше жағдайлар министрінің атынан марапатты ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев табыстады.
Айта кеткен жөн, 2024 жылғы 8 қыркүйекте сағат 11:57-де Алматы қаласы ТЖД 112 пультіне Алматы облысындағы «Проходное» шатқалы «Терра алаңы» туристік аймағыда жартастан баланың құлағаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы және Алматы қаласы әкімі аппаратының Құтқару қызметі құтқарушылары жіберілді.
Құтқарушылар келгенге дейін отставкадағы полиция полковнигі Жалғас Әбиев көмек сұраған ананың айқайын естіп, 10 метрлік жартас шатқалынан құлап кеткен балаға көмекке келген.
- Жалғас Әбиев жағдайды бағалай отырып, тау рельефтерінің қауіптілігін, өте сақ болу керектігін түсіне отырып, зардап шеккен баланы іздестіруге кірісті. Баланың құлаған орынды тауып, 10 жасар бала есінен талмағанына көз жеткізді. Ішкі істер органдары қызмет ету кезінде алған дағдыларын қолдана отырып, дереу алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті. Осылайша, Жалғас Құрманқалымұлы Әбиев өзінің азаматтық ұстанымын көрсете отырып, төтенше жағдайды тез және дұрыс бағалай білу қабілетін көрсетті, баланың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін дұрыс шешім қабылдады, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға орнынан баланы «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 борты алып кетіп, ҚР ТЖМ АМО бригадасы күтіп тұрған аэродромға жеткізді. Зардап шеккен бала Орталық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Бүгінгі таңда баланың жағдайы жақсы, тұрақты.
Атап өту қажет, отставкадағы полиция полковнигі Жалғас Құрманқалымұлы Әбиев 23 жылдан аса мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында адасып кеткен әйел құтқарылғанын жазғанбыз.