Алматыда жас ана сәбиін алып, үйінен кетіп қалған
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік полицейлері іздеуде жүрген жас ананы сәбиімен бірге аман-есен тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда 6 желтоқсанда 20 жастағы жас ана сәбиін алып, үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Ол ата-анасымен бірге тұратын үйінен белгісіз бағытта кетіп қалған. Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны полицияға хабарласып, оны іздестіруін сұраған. Хабар түсе салысымен көлік полицейлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
— 7 желтоқсан күні Ақтау қаласы әуежайын патрульдеу кезінде желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері жоғалған әйел мен оның сәбиін анықтады. Екеуі де аман-есен табылып, жеке басы тексерілгеннен кейін ата-анасының қолына тапсырылды, — делінген хабарламада.
Жас ананың ата-анасы көлік полицейлеріне дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Қазір жас ана мен сәбиінің жағдайы жақсы.
Еске салсақ, бүгін Алматыда автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған күдікті ұсталғаны хабарланды.