Алматыда жас жігіт көпқабатты үйден секіріп кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жас жігіт көпқабатты үйден секіріп кетті. Бұл ақпаратты Алматы қаласының Полиция департаменті растады.
Желідегі мәлімет бойынша, 18 жастағы жігіт Әуезов ауданындағы көпқабатты үйден секіріп, суицид жасаған.
— Осы дерек бойынша Әуезов аудандық ПБ қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.
Айта кеткен жөн, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары балаларды суицидке итермелейтін ойындардың әсері болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан болатын.
Ата-аналар бір-біріне баласының телефонын тексеруге кеңес беріп, қауіпті ойындардың тізімін жасап жатыр. Өйткені балалар әлдебір ойындарда берілген тапсырмаға еріп, ата-анасынан, мұғалімдерден, жанына жақын адамдардан безініп жатқан болуы ықтимал.
Әлеуметтік желіде Asar-Ume қайырымдылық қорының негізін салушылардың бірі, танымал блогер Асхат Нұрмашев осындай ойындардың қаупі туралы пікір білдірді.
— Бұл бірінші рет емес. Өткен жылы таныстарымның 12-13 жасар баласы секіріп кетті. Ойындардың әсері туралы айтылды. Әлі күнге дейін көбіміз олардың балаларға қандай ықпалын тигізетінін түсінбейміз — деп жазады блогер.
Еске салайық, бұған дейін 19 жастағы жігіт Алматыдағы Достық даңғылындағы көпқабатты үйден секіріп кеткенін жазғанбыз.
Сондай-ақ өткен аптада Алматыда көпқабатты үйден құлаған екі жасөспірім көз жұмды.