Алматыда жасыл желекті дәрілеу жұмысы басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 7 сәуірден жасыл желектерді биологиялық дәрілеу маусымы басталды.
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, бұл жұмыстар ағаштардың жағдайын жақсартуға, олардың зиянкестерге төзімділігін арттыруға және қаладағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
Дәрілеу жұмыстары шамамен 2,3 млн жасыл желекті қамтиды. Іс-шаралар тиісті лицензиясы бар мамандандырылған мердігер ұйымдардың қатысуымен кезең-кезеңімен жүргізілмек.
Биыл дәрілеу жұмыстары төрт кезең бойынша ұйымдастырылады:
- 7 сәуір – 30 мамыр аралығы – бірінші кезең;
- 1 маусым – 30 маусым – екінші кезең;
- 5 шілде – 5 тамыз – үшінші кезең;
- 15 тамыз – 20 қыркүйек – төртінші кезең.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жұмыстар негізінен түнгі уақытта жүргізіледі. Бұл күн сәулесінің тікелей әсері болмағандықтан, препараттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Дәрілеу барысында қолданылатын биологиялық және қажет болған жағдайда химиялық препараттар сертификатталған, қауіптілігі төмен және адамдарға, құстар мен жануарларға қауіпсіз, – деп хабарлады ведомстводан.
Еске салайық, наурыз айының соңында Алматыда кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмысы басталды.