Алматыда жасөспірімдер арасында Ролан Гарросқа іріктеу турнирі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласында 4-9 тамыз аралығында Орталық және Батыс Азия елдері бойынша жасөспірімдер арасында Ролан Гарросқа іріктеу сайысы өтеді.

Турнир Қазақстан және Азия теннис федерацияларының қолдауымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орталық және Батыс Азия мемлекеттерінен 17 жасқа дейінгі 16 спортшы бақ сынайды. Жарыс финалистері Жапонияда қазанда өтетін турнирде Франция ашық чемпионаты — Ролан Гарростың жалғыз жолдамасы үшін сынға түседі.
Биыл Алматыда Өзбекстан, Қырғызстан, Иордания, Иран, Сауд Арабиясы және Түркменстан елдерінің жас таланттары өнер көрсетеді.
Қазақстан намысын Родион Трайгель, Мансұр Сайынов, Ратмир Пулькевич, Аңсар Ниетқалиев, Даниэль Юрекли, Еркежан Жаңатаева, Әдия Омарбек, Ляйсан Нұрышева, Каролина Лигай және София Малышева қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Монреаль турнирінің үшінші айналымына жолдама алғанын жазған едік.
17 жастағы қазақстандық теннисші алғаш рет челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Анна Данилина Монреаль жарысын жеңіспен бастады.