Алматыда жасөспірімге алғаш рет жамбас-сан буынын толық алмастыру отасы жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында бірегей ота жасалды. 

Алматыда жасөспірімге алғаш рет жамбас-сан буынын толық алмастыру отасы жасалды
Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, науқас 13 жасында жол-көлік оқиғасы салдарынан жамбас сүйегінен, оң жақ санынан және тізе буынынан ауыр жарақат алған. Көпжылдық емдеу мен оңалту шараларына қарамастан, жамбас-сан буынының тірек-қимыл қызметін толық қалпына келтіру мүмкін болмаған. Қыз бала біреудің көмегімен қозғалып, оң аяғынан ақсап жүрген.

Қойылған диагноз – сан сүйегі басының асептикалық некрозы, яғни сан мойны сынуының асқынуы – жамбас сүйегінің қисаюына, омыртқа жотасының деформациясына және тұрақты ауырсыну синдромына әкелу қаупін тудырған.

Үш жыл бойы стационарлық ем үй жағдайындағы оңалтумен алмасып отырды: дәрігерлер зақымданған аяқ-қолды кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, ағзаның қалпына келуіне мүмкіндік беретін үзілістер жасап, кейін емдеудің келесі кезеңіне көшкен.

– Науқас 17 жаста болғандықтан, біз үшін бұл оңай шешім болған жоқ. Алайда жамбас-сан буынын толық эндопротездеуден басқа балама болған жоқ, - деді Орталықтың травматология бөлімінің меңгерушісі Бақыт Қожаханов.

100 минутқа созылған ота 2026 жылы 7 ақпанда сәтті өтті. Ота алдында басқа емханалардың мамандары қатысқан бірнеше консилиум ұйымдастырылып, Астанадағы әріптестердің тәжірибесі зерделенді. Операциялық топ құрамында Бақыт Қожахметов, Дархан Сүкбаев, Болат Ермекұлы, ал анестезиолог – Таңжарық Бидайбай болды.

Отадан кейін екі апта ішінде қыз бала хирургтердің бақылауымен бастапқы оңалту кезеңінен өтті. Жасөспірімнің анасының айтуынша, қызының жағдайы айтарлықтай жақсарған.

– Аяқтарының ұзындығы теңестірілді, қызым өздігінен жүре бастады, қазір қалпына келу үдерісін жалғастырып жатыр. Қазір үйдеміз, алда әрі қарайғы оңалту кезеңі бар, - деді қыздың анасы.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүректің ауыр ақауы бар жүкті әйелге шұғыл ота жасалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум