Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметіне сәйкес, қалада жастар жұмыссыздығының деңгейі 2024 жылдың I тоқсанында 5,2%-дан 4,6%-ға дейін төмендеген.

Бүгінгі күні Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 682 мыңнан астам жас тұрады, бұл тұрғындардың жалпы санының 32%-ы. Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасы аясында Жол картасы бекітіліп, онда жастарды әлеуметтендіру үшін жаңа кешенді тәсілдер қарастырылған.
Осы жоба аясында 2023 жылдың ақпанында жұмыс берушілер мен жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын үйлестіруге мүмкіндік беретін Қалалық мансап орталығы ашылды. Мұнда мобилограф, SMM менеджері, графикалық дизайнер, маркетолог сынды мамандықтар бойынша 30 қысқа мерзімді курстар оқытылады. 2023 жылы 10,8 мың жас оқытылып, жұмысқа орналасқан. 2024 жылдың басынан бері орталықтарда 3,1 мың жас оқытылды.

- Мен Қызылорда қаласының тумасымын, жасым 28-де. Өзім темір жол саласында қатысты мамандықты оқығанмын. Бірақ оқу бітірген соң мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Сондықтан Алматы қаласына арман қуып келдім. Мұнда көлік жуу орындарында, такси ретінде жұмыс істедім. Сөйтіп бір күні Қалалық мансап орталығына келіп, өзіме қажетті ақпаратты алдым. 1 айға жуық маркетолог мамандығы бойынша шағын оқыту кезеңінен өттім. Қазір Түрксіб ауданының комьюнити орталығында жоба менеджері болып жұмыс істеймін, - деді Олжас Тасберген.
Алматыда NEET-жастардың, яғни әлеуметтік оқшауланып қалған жастардың үлесі 2024 жылдың I тоқсанында 7,4% - дан (47,9 мың) 6,6% - ға дейін (43,9 мың) төмендеген. Сондай-ақ қалада "Jobfair365" жұмысқа орналастыру және "SkillBrigde" оқыту қызметтері бар "Jasalmaty.kz" порталын құрылды. Ақпараттық порталдың қазірдің өзінде 25 мыңға жуық бірегей пайдаланушылары бар. 5 мың жұмыс беруші тіркеліп, 5 мың бос жұмыс орны орналастырылды. Нәтижесінде 4 мың адам жұмысқа орналасқан.

- Біздің ауданда жастардың саны 77 мыңға жуық. Оның ішінде NEET-жастардың үлесі 6 мың. Жыл басынан бері Түрксіб ауданындағы комьюнити орталыққа жұмысқа орналасу, шағын курс оқу сұрақтары бойынша 1200 адам жүгінді. Біздің мақсатымыз NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналасуға көмектесіп, қоғамға қосу. Мұндай комьюнити орталықтары Алматының барлық 8 ауданында бар, - деді Түрксіб ауданы бойынша жұмысқа орналастыру және шағын курстарды оқыту менеджері Маржан Өтегенова.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, шаһарда жалпы әлеуметтендіру шараларының арқасында 2023 жылы 47 мыңға жуық жас (тұрақты – 40 мың, уақытша – 7 мың) жұмысқа орналастырылған. Ал осы жылдың І тоқсанында 9 мыңнан астам жас жұмысқа орналасып, жастар жұмыссыздығының деңгейі 5,2%-дан 4,6%-ға дейін төмендеді.