Алматыда жаздың алғашқы айында күн райы қалай болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаздың басы ыстық болады. Маусым айының кейбір күндері ауа температурасы +36…+41°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Синоптиктер сонымен қатар шілде мен тамыз айын маусымның ең құрғақ кезі болады деп болжап отыр. Ыстықтан ыс басып, өрт көбейіп, осындай қауіпті жайттар еселеп өсуі ықтимал.

ауа райы
Фото: Pexels

«Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаевтың мәліметінше, жаздың басындағы температура климаттық нормадан шамамен бір градусқа жоғары болмақ. Мамандар күн райы осы кездері көп құбылатынын айтады. Ыстық күннен кейін әсіресе Алматының тау бөктеріндегі аудандарда аяқасты нөсер жаңбыр жауып кетіп, найзағай ойнап, екпіні күшті жел соғып, артынша бұршақ жаууы да әбден мүмкін.

– Алматыда жазда нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы әбден мүмкін. Жазда мұндай жағдай әсіресе кешкі уақыт пен тау бөктеріндегі аудандарда жиілейді. Сондықтан тұрғындар ауа райына байланысты ескерту мен ресми болжамдарды мұқият бақылап отырғаны дұрыс, - дейді Дәулет Кісебаев.

Әдеттегідей, жаздың екінші жартысы – шілде мен тамыз ең құрғақ кезең болмақшы. Жоғары температура мен жауын-шашынның аздығы, әсіресе тау бөктерін мен табиғи аумақтарда өрт қаупінің артуына әкеледі.

Синоптиктің айтуынша, қала климаты біртіндеп жылынып келеді екен. Ыстық күндер көбейіп, қыс жұмсарып, күннің алай-дүлей болып кетуі жиілепті.

– Бұл – әлемнің көп елінде болып жатқан жаһандық климаттық өзгерістің бір бөлігі. Алматы тұрғындары оның салдарын қазірдің өзінде сезіне бастады. Жаз ұзағырақ болып, қатты ыстық толқындары жиілеп келеді. Сонымен қатар ауа райы да құбылмалы бола түсті, - дейді спикер.

Аптап ыстық ауа сапасына да әсер етуі мүмкін. Жоғары температура мен әлсіз жел кезінде атмосферадағы ластаушы заттар нашар таралады. Алматының жер бедерін ескерсек, бұл ыс басуға алып келуі ықтимал.

Синоптиктер аптап ыстық кезінде күннің астында ұзақ тұрмай, суды жиі ішіп, ауыр жұмыстан аулақ болып, балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтып отыр. Сонымен қатар мамандар ауа райы болжамын үнемі назарда ұстау керектігін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 21-22 мамырда күн райы күрт құбылып, үсік жүріп, жауын-шашын түсетінін хабарлағанбыз.