Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне 11 рет шабуыл жасалған: енді олар бейнежетон тағады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда жедел жәрдем және мобильді медициналық бригадаларға 468 смарт-бейнежетон берілді. Құрылғылар шақырту кезіндегі жағдайды жазып, қауіп төнгенде дабыл сигналын жіберуге мүмкіндік береді. Қалада жылдың басынан бері медицина қызметкерлеріне 11 рет шабуыл жасалған. Бұл туралы ДСМ мәлім етті.
Жалпы саны 468 бейнежетонның 378-і Жедел медициналық жәрдем қызметінің көшпелі бригадасына, ал қалған 90-ы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының мобильді бригадасына берілді.
— Бұл — медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды жоба. Смарт-бейнежетондар шақырту кезінде орын алған жағдайды бейнетаспаға түсіруге, қауіп төнген жағдайда дабыл сигналын жіберуге және бейнежазбаны сақтауға мүмкіндік береді. Бұл даулы жағдайды объективті түрде қарастыруға және медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Тек 2026 жылдың өзінде жедел жәрдем қызметкерлеріне 11 рет шабуыл жасалғаны тіркелді, — деп атап өтті Марат Пашимов.
Смарт-бейнежетондар медициналық бригадалардың шақыртуға шығуы кезінде бейнежазба жүргізуді және қауіп туындаған жағдайда дабыл сигналын жіберуді қамтамасыз етеді. Бейнематериалдар Жедел медициналық жәрдем қызметінің ішкі серверінде сақталады. Жазбаларды сақтаудың стандартты мерзімі кемінде 30 күнді құрайды. Ал тергеп-тексеру үшін қажетті материалдар екі жылға дейін сақталуы мүмкін.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі тапсырма аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Ведомствоның мәліметінше, «Қазақтелеком» АҚ жобаның технологиялық серіктесі ретінде қызмет көрсетуді, интернет байланысын қамтамасыз етуді және техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады.
Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі күн сайын шамамен 3–3,5 мың шақыртуға қызмет көрсетеді. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 196 көшпелі бригада жұмылдырылған.
Жүйе пилоттық сынақтан өткізіліп, қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Смарт-бейнежетондарды енгізу — медициналық қызметті цифрландырумен қатар, күн сайын адамдарға көмек көрсетуге аттанатын медицина мамандарының қауіпсіздігін арттыруға және құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқан екі ер адам ұсталған болатын.