Алматыда жемқорлыққа қарсы мурал пайда болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында «Адал ұрпақ – жемқорлықсыз болашақ» атты мурал пайда болды.

мурал
Фото: Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы

Мурал жастар саясаты басқармасының қолдауымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба аясында салынды. Алатау ауданы, Зерделі шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі арт-нысан жастарды адалдық пен әділеттілікке және сыбайлас жемқорлықтан бас тартуға үндейді.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы
Фото: Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы

– Мурал жобасының мақсаты — ел болашағы саналатын жастарға бағытталған тәрбиелік, көркем әрі азаматтық үндеу. Онда еңбек адамы – дәрігер, құрылысшы, полиция қызметкері бейнеленіп, адал еңбектің қоғамдағы маңызын көрсету көзделген. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес, тұрақты даму негізін насихаттайды, – дейді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кенесбай.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобаның жетекшісі Әкежан Кенесовтың сөзінше, волонтерлік жобаға 300-ге жуық жас белсенді қатысып жатыр.

Олар мемлекеттік сатып алу процестері мен құрылыс нысандарында ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау жүргізіп, құқықтық және мәдени сауаттылықты арттыру бағытындағы іс-шараларға ұйытқы болады.

Осыған дейін Астанада «Ұлттық ұлан — ел айбыны» патриоттық мұралы ашылған болатын. 

Сондай-ақ Қонаев қаласында еңбек адамдарына арналған муралдар пайда болған еді. 

Соңғы жаңалықтар