Алматыда жердің бағалық аймақтары жетіден беске дейін қысқарады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында 2015 жылы әзірленген жерді бағалық аймақтарға бөлу схемасын өзгерту мәселесі қаралды.

п
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы Гүлнар Көкобаеваның айтуынша, 2014 жылы Алматыға Алматы облысының шамамен 23,2 мың гектар аумағы қосылған. Ол кезде бұл аумақтарда қажетті көлік және инженерлік инфрақұрылым болмаған еді. Сондықтан олар 5, 6 және 7-бағалау аймақтарына енгізілді.

Соңғы 11 жылда қала аумағы айтарлықтай өзгерді. Көлік және инженерлік инфрақұрылым дамып, жаңа әлеуметтік нысандар пайда болды, тұрғын үй, коммуналдық, қоғамдық-іскерлік және коммерциялық аумақтар қалыптасты.

Бас жоспарды және қаланың полиорталық даму моделін ескере отырып, бағалау аймақтарының санын 7-ден 5-ке дейін қысқарту және олардың шекарасын нақтылау ұсынылды.

а
Фото: Алматы әкімдігі

Жаңа Салық кодексіне байланысты аймақтар шекарасының өзгеруі аумақтар арасындағы салық жүктемесінің қайта бөлінуіне алып келеді. Жер учаскесінің жаңа аймаққа жатқызылуына қарай салық сомасы артуы, төмендеуі немесе өзгеріссіз қалуы мүмкін.

— Салықтың өзгеруі ең алдымен шекаралар нақтыланғаннан кейін нақты жер учаскесінің қай бағалау аймағына жатқызылатынына байланысты, - деп түсіндірді басқарма басшысы

Өзгерістер негізінен коммерциялық мақсаттағы жер учаскелеріне қатысты болады. Бұл ретте түзету коэффициенттері тұрғын үй құрылыстары бар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне қолданылмайды. Олар үшін Салық кодексінде белгіленген салықты есептеудің жеке тәртібі қолданылады.

«Сайран» шағынауданында салық 1 сотыққа 202 теңгеге немесе 4% өседі. Ерменсайда 11%, яғни 1 сотыққа 434 теңгеге артады. «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты мен «Медеу» спорт кешенінде салық сомасы 18%-ға, яғни 1 сотыққа 666 теңгеге көбейеді.

Екінші аймақта, Төле би, Жандосов көшелері, Алтынсарин және Жұбанов даңғылдары маңында салық жүктемесі шамамен 2%-ға, яғни 1 сотыққа 86 теңгеге төмендеуі мүмкін. Қалқаман ауданында 3%-ға (1 сотыққа 145 теңге), тау кластерінде 10%-ға (1 сотыққа 377 теңге), Алматы Арена маңында 16%-ға (1 сотыққа 579 теңге) артады.

Салықтың индустриялық аймақ аумағында көп өседі. Мұнда салық 26%, яғни 1 сотыққа 782 теңгеге дейін артады.

Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар жерді бағалық аймақтарға бөлу схемасын өзгерту туралы шешімді бекітті.

Еске салсақ, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету кезінде тұрғындар ұсынысы ескерілгені хабарланды.