Алматыда жыл басынан бері 20 мың бала медициналық көмекке жүгінген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Балаларға жедел медициналық көмек орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургы және травмотолог Мейіржан Құрманәлиев жазғы демалыс кезінде балалардың денсаулығына мұқият болуға шақырды.

Балалардың жарақат алуы да жасына қарай болады. Мектепке дейінгі жастағылары көбіне ересектер дұрыс қарамағандықтан жазым болып қалып жатса, оқушылар жағы ойнап жүріп, бірнәрсені ұстаймын деп жүріп жарақат алып жатады, - деді Мейіржан Құрманәлиев.
Оның айтуынша, балалардың жарақаттанып қалуының негізгі себептері келесідей:
Балаға қарамағаннан (45 пайызға дейін);
Баланың байқамай жарақат алуы (25 пайыздан астам);
Оқыс оқиға (2 пайызға жуық), жол-көлік оқиғасы мен басқа да себептер.

Алматы қаласындағы балалар ауруханаларының қабылдау бөлімдеріне бір жыл ішінде 104 мыңнан астам бала жедел медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 21,8 мыңы нейрохирургия және 48 мыңға жуығы травматология бойынша ем алған. Нейрохирургиялық диагнозбен 3,3 мың науқас ауруханаға жатқызылса, 3,9 мыңға жуығы жеңіл жарақат алған. Тағы күйік шалған 1,6 мың адам көмекке жүгініп, оның 1 мыңнан астамы ауруханаға жатқызылды.
Ал осы жылдың 5 айында Алматы қаласының Балаларға жедел медициналық көмек орталығының қабылдау бөліміне 19,6 мың бала түсті.
Балалар жарақаттанып қалмауы үшін дәрігер ата-аналарға мынандай кеңес береді:
жол қауіпсіздігі туралы балалармен үнемі әңгімелесу керек;
шұғыл көмек қызметінің нөмірі ыңғайлы жерде жазулы тұрсын;
балаңызға қауіпсіздік ережесін түсіндіріңіз;
дәрі-дәрмекті баланың қолы жетпейтін жерде ұстаңыз;
судың маңында баланы қараусыз қалдырмаңыз.
Еске салайық, Алматыда мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайтынын жазғанбыз.