Алматыда жыл басынан бері жұмыссыздық деңгейі төмендеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері 36 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтты.

Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың арқасында қалада жұмыссыздық деңгейі алғашқы жарты жылдықта 5% - дан 4,7% - ға дейін төмендеген.
«Осы жылдың 7 айында жұмыс іздеп жүрген 43,5 мың қала тұрғыны Еңбек мобильділігі орталығына жүгінді. Оның ішінде 33 мың адам жұмыссыз мәртебесін алды. Жалпы осы кезеңде 31 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның ішінде тұрақты жұмысқа 4,4 мың адам, субсидияланатын жұмыс орындарына 9,8 мың адам жұмысқа орналастырылды», - деді Бауыржан Жаубасов.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендегенін жазғанбыз.