Алматыда жыл соңына дейін мыңнан астам шам ауыстырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы «Алматы Қала Жарық» МКК-мен бірлесіп, қаланың сыртқы жарықтандыруын жаңғырту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Жаңартылған нысандардың қатарында Республика Сарайы, Шухов және «Дружба» скверлері, Төлебаев көшесіндегі аллея, Сейфуллин даңғылы, сондай-ақ Шолохов және Сайын көшелері бар.
Республика Сарайының аумағында 60 жаңа жарықтандыру тірегі орнатылып, 700 метр 5×10 кабель тартылды. Шухов скверінде қуаты 100 Вт (3000К) 32 торшер шамы орнатылды. «Дружба» саябағында 65 ескірген шам энергия тиімділігі жоғары (100 Вт, 3000К) заманауи жарық көзіне ауыстырылды.

Бұған қоса,Төлебаев көшесінде 97 шам ауыстырылып, тротуарлар біркелкі жарықтандырылып жатыр. Шолохов көшесіндегі ескі шамдардың орнына 210 торшер пайда болды, соның арқасында энергия тиімділігі де артты. Саин көшесіндегі 150 Ватт шамдарды неғұрлым қуатты 200 ватт шамдарға ауыстыру жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 750 шам жаңартылды.


Аталған іс-шараларды жүзеге асыру жарықтандыру деңгейін және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, қала тұрғындары мен қонақтары үшін неғұрлым жайлы жағдай жасауға ықпал етіп, қоғамдық кеңістіктерге заманауи сәулеттік көрініс беріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматының кейбір ауданында 10 қазанға дейін электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты жарық уақытша сөндірілетінін жазғанбыз.