Алматыда жылыту маусымы қарсаңында жедел штаб ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы қарсаңында тәулік бойы «Жедел әрекет ету штабы» жұмыс істейді.

Алматыда жылыту маусымы қарсаңында жедел штаб ашылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жылу болмаған, су аққан немесе ақау туындаған жағдайда тұрғындар 109 жедел желісіне, 225-14-31 нөмірі бойынша Бірыңғай диспетчерлік орталыққа, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына жүгінуге кеңес берді.

Сондай-ақ жылыту маусымы басталғанға дейін пәтерлердегі радиаторлар мен бекіту арматурасының жарамдылығын тексеру ұсынылды.

— Жылыту жүйесіне өз бетінше тиісуге, соның ішінде радиаторларды алып тастауға немесе жүйедегі суды ағызуға болмайды. Мұндай әрекеттер апатқа, жылыту жүйесінің жұмысы бұзылуына және тікқұбырлардағы жылудың өшуіне әкелуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, радиаторлар мен жылыту тікқұбырларына баратын жолды жауып тастауға немесе қалың пердемен жабуға болмайды, өйткені бұл жылу беруді төмендетеді.

Өтінішті 109 жедел желісі мен Бірыңғай диспетчерлік орталықтан бөлек, Open Almaty және e-Otinish сервистері арқылы, сондай-ақ басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жолдауға болады.

Еске салайық, Алматыда жылыту маусымын 9 қазанда бастау жоспарланған.

Сондай-ақ жылу берілген тұрғын үйде пәтер жылымаса, қайда жүгіну керегін жазғанбыз.