Алматыда жылу құбыры жарылып, бірнеше үйде ыстық су өшірілді

Алматы
Фото: видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сәтбаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында жылу құбыры жарылды.

Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

«Сәтбаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында жылу құбыры жарылып, асфальт опырылып түсті. Сәтбаев көшесі екі жаққа да жабық», - делінген жазбада. 

«Алматы жылу желілері» ЖШС 4 мамырда Байтұрсынов көшесінен шығысқа қарай Сәтбаев көшесінің бойында болған апат учаскесінде жедел бригада жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. 

«1988 жылы төселген және өзінің нормативтік мерзімін өтеген диаметрі 500 мм құбырдың зақымдануын жою үшін Масаншы – Сәтбаев – Маркова – Құрманғазы көшелерінің бойындағы үйлерге ыстық су беру уақытша тоқтатылды. Мұндағы жылу құбырын жаңарту 2025 жылға жоспарланған, биыл қайта құру жобасы сараптамадан өтіп жатыр», - деп атап өтті мекемеден.

Тұрғын үйлерге ыстық су бүгін түнде беріледі.

«Азаматтардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда сандықтар көрмесі өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram