Алматыда жылу желілерінің жартысынан астамы тозған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы қорытындыланып, келесі кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жылыту маусымы жалпы алғанда тұрақты әрі қалыпты өткен, айтарлықтай іркіліс тіркелмеген.
— Апаттық қызметтер жедел жұмыс істеп, ақауларды уақытында жөндеді. Сонымен қатар желілердегі зақымдану саны азайған. Атап айтқанда, жылу желілерінде 276, су жүйесінде 434, газ желілерінде 153 жағдай тіркелді, — деп хабарлады әкімдік.
Алайда инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі әлі де жоғары. Жылу желілерінің 53,9%-ы, электр желілерінің 63,3%-ы, қазандық жабдықтарының 63%-дан астамы тозған.

Алматы әкімдігі 2026 жылға ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, жылу, су және электр желілерін, сондай-ақ қазандықтар мен газ инфрақұрылымын жөндеу және жаңарту көзделген.
— Негізгі міндет — тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету. Осыған байланысты жұмыстарға бақылауды күшейту және жөндеу жұмыстарының қарқынын жеделдету жөнінде тапсырма берілді, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жылу беру 3 сәуірден бастап кезең-кезеңімен тоқтатылатынын хабарлаған едік.
Ал оның алдында Алматыда жылыту маусымы басталғалы 153 өрт тіркелгенін жазғанбыз.