15:25, 08 Қараша 2025 | GMT +5
Алматыда жол қозғалысын реттеп тұрған полиция қызметкерін көлік қағып кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында көше қиылысында жол қозғалысын реттеп тұрған полиция қызметкерін жеңіл көлік қағып кетті.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 7 қараша күні сағат 15:10 шамасында Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысында болған.
– Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі Желтоқсан даңғылымен оңтүстік бағытта қозғалып келе жатып, Сәтбаев көшесіне солға бұрылғанда қозғалысты реттеп тұрған полиция қызметкерін қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан полицияның аға лейтенанты дене жарақатын алды, - деп хабарлады департаменттен.
Оқиғаның мән-жайын Бостандық аудандық полиция басқармасы анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін полиция қызметкерін көлігімен сүйреп кеткен жүргізуші 7 жылға сотталды.