Алматыда жол опырылып, плиталар ұрланған: аудан әкімдері қатаң сөгіс алды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жол төсемінің шөгуі және жекелеген учаскелерде жиектастың негізсіз ауыстырылуына байланысты Әуезов және Медеу аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Дефекты дорог Алматы: 140 протоколов составлены на чиновников и подрядчиков
Фото: Kazinform

Қала басшысының тапсырмасымен Аманжол және Яссауи көшелеріндегі асфальттың шөгуі, Ерменсай шағынауданында траншеялардың шайылуы, сондай-ақ Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қызметтік тергеу басталды.

Әуезов ауданында орын алған нөсер кезінде Аманжол көшесінде жол төсемі шөгіп, 13 автокөлік зақымданды. Бұл учаскедегі сумен жабдықтау және кәріз желілерін тарту жұмыстарын «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС орындаған.

Сондай-ақ Яссауи көшесінде «Спецкоммунстрой» ЖШС салған кәріз желісі аумағында асфальт опырылған. Осы олқылықтар үшін Әуезов ауданы әкіміне қатаң сөгіс берілді.

Бостандық ауданында әкім болмаған уақытта оның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру саласына жетекшілік ететін орынбасары қызметінен босатылды. Ол Ерменсай шағынауданындағы траншеялардың шайылуына және әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі жерасты өткелінде гранит плиталарды негізсіз ауыстыруға бақылау жүргізбеген.

Мердігер ұйымдарды қадағалауда кемшілік жібергені үшін Медеу ауданы әкіміне де қатаң сөгіс жарияланды. Уәлиханов бульварындағы жиектастың заңсыз алынып, плиталардың облыстағы жеке үйге жеткізілуі қоғамда үлкен наразылық туғызған болатын. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, қала әкімі Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту жобасын орындап жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ жұмысына қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырды. Осыған байланысты Экология басқармасының басшысына сөгіс берілді. Ал Полиция департаментінің бастығына өзен жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қылмыстық істің тергеу нәтижелері туралы есеп беруді міндеттеді.

Дархан Сатыбалды анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ ГАСК-қа мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау қызметінің жұмысын қайта тексеру міндеттелді. Егер кемшіліктер расталса, қатаң шара қолданып, айыппұл салынады.

Айта кетейік, Алматыда жаңбыр кезінде 13 үйді су басып қалып, отбасылар қонақүйге орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар