Алматыда жол үстінде тапаншамен жанжал шығарғандар ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда екі жүргізуші жол үстінде жанжал шығарды.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Онда екі адамның біреуі қолында тапаншаға ұқсас затты ұстап тұрғанын көруге болады.
Алматы қаласының полиция департаменті бейнежазбадағы адамдар анықталғанын хабарлады.
— Түрксіб аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында ер адамның қолындағы зат тапанша емес, соның пішініндегі оттық екені анықталды. Ер адам дереу ұсталып, оның әрекеттері ұсақ бұзақылық ретінде бағаланды. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынды, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, ҰҚК қыркүйек айында 62 қару-жарақ, оның ішінде 3 Калашников автоматы, 16 тапанша, 43 мылтық, 4 граната және 4 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіледі.