Алматыда жол жөндеу жұмыстары 1 маусымда басталады

Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда  биыл ұзындығы 250 шақырым 274 көшені орташа жөндеу жоспарда. Қаланың көше-жол желісінің жалпы ұзындығы – 3097 шақырым. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін осы жылы 92 пайызға жеткізу көзделген.

Қалалық мобильділік басқармасы мәлім еткендей, жұмыстар жазда басталады. Бұл ретте 20 магистральды көшені жөндеу 25 тамызға дейін, ал аудандық көшелерді жөндеу қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарда бар.

«Әр көше сегменттік қабаттағы учаскелерге бөлінеді. Учаскелерде мердігерлік ұйымдар басшыларының байланыс ақпараты бар арнайы стендтер орнатылады. Барлық смегменттік қабаттар туралы қала тұрғындарына БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабарланатын болады, сондай-ақ жөнделетін учаскелер «2ГИС» және «Яндекс карталар» сервистерінде көрсетіледі», - деп хабарлады басқармадан.

Жолдардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында орташа жөндеу аясында қосымша қауіпсіз орындар мен жаяу жүргіншілер өткелдері құрылатын болады. Тротуарлар мен істен шыққан арық науаларын жөндеу жоспарланған. Фрезерленген материал қайта пайдалану үшін аудан әкімдіктеріне беріледі. Айта кетерлігі, өткен жылы пилоттық режимде қаланың 15 магистральдық көшесінде жөндеу кезінде жолға және жарыққа төзімділікті арттыруға бағытталған полимерасфальтобетон пайдаланылды.

«Мұндай қоспалар тозуға төзімді, жұмсарту температурасы жоғары (65-70°C), сондықтан ыстыққа көп әсер етпестен оңай төтеп бере алады, әлдеқайда ұзағырақ қызмет етеді – қазіргі 5 жыл жұмыс істеудің орнына 8-10 жыл. Осы жылы бұл тәжірибе жалғасатын болады. Мәселен, полимерасфальтбетонды ұзындығы 57 шақырым болатын 20 магистральды көшені және аудандық маңызы бар ұзындығы 19 шақырым 12 көшені жөндеу кезінде қолдану жоспарланып отыр»,- деп атап өтті әкімдіктен.

Естеріңізге сала кетейік, мегаполис тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жол инфрақұрылымына арналған арнайы Telegram-арнаның @AlmatyJolybot чат-боты іске қосылды. Ол арқылы қала тұрғындары қала жолдарындағы шұңқырларды жоюға өтініш бере алады. 

Соңғы жаңалықтар