Алматыда жолаушы тасымалдаушы компанияларға 4 млрд теңгеден астам субсидия артық төленген

Алматыда 2017 жылдан бастап жолаушыларды тасымалдаушы компаниялардың шығындарын субсидиялау басталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, мегаполисте бүгінгі күні 23 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі жұмыс істейді. Олар 164 қалалық және қала маңындағы маршруттарға қызмет көрсетеді. 2017 жылдан бастап тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау басталған.
2017 - 2022 жылдар аралығында 148,9 млрд теңге субсидия төленген:
- 2017 жылы - 0,3 млрд теңге
- 2018 жылы – 9,2 млрд теңге
- 2019 жылы - 23,6 млрд теңге-
2020 жылы - 24,1 млрд теңге
- 2021 жылы - 43,9 млрд теңге
- 2022 жылы - 47,8 млрд теңге.
«2023 жылы субсидия көлемі 85,6 млрд теңге болады деп болжанды. Биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында төлеуге жататын сома 39,855 млрд теңгені құрады. Іс жүзінде 37,834 млрд теңге төленді. Қалған 2 млрд теңге тасымалдаушыларға төленіп жатыр. Бастапқыда әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау үшін 55,9 млрд теңге бөлінген. Мегаполистің жергілікті бюджетін соңғы рет қайта қараған кезде қосымша 10 млрд теңге бөлінді. Бұл тасымалдаушы компаниялардың мемлекеттен қосымша қаржылық қолдау алатынын көрсетеді. Осылайша субсидиялар уақтылы төленуде, алайда, ол субсидияларды пайдалану тасымалдаушылардың өз жоспары негізінде іске асады», - деп хабарлады ведомстводан.
Айту керек, Алматыда субсидияға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі туралы мәселені жыл сайын белгілі тасымалдаушы компаниялар көтеріп келеді.
«Өткен жылы өткен аудиторлық тексерістің нәтижесі бойынша бұл тасымалдаушылардың 0,9 млрд теңге көлемінде дивиденд алғаны анықталды. Одан бөлек, жолаушыларды тасымалдаушы компаниялардың тарифтік есептерінде шығындарға бағаны көтеру түріндегі бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты қала әкімдігі тасымалдаушыларға салық төлеушілердің есебінен 4 млрд теңгеден астам қаржыны артық төлеген. Қазір бұл сома кестеге сәйкес ай сайын тасымалдаушылардан ұсталып отырады», - деп хабарлады Алматы қалалық мобильділік басқармасы.
Сондай-ақ Алматыда жанар-жағармайдың бағасы өсуіне байланысты тасымалдаушы компаниялар қалалық мобильділік басқармасынан есеп айырысу тарифін қайта қарауға өтініш білдірген. Ведомствоның мәліметінше, «Әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларының» 7-тармағы және Тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес, тасымалдаушылар басқармаға маршруттарға арналған тарифтердің есебін ұсынуы тиіс. Ол есептер уақытылы берілмеген, сол себепті есеп айырысу тарифі қайта қаралған жоқ.
«Басқарма сондай-ақ қысқы кезеңге дайындыққа байланысты 5 қыркүйекте тасымалдаушыларға тарифтік есептер мен басқа да тиісті құжаттарды ұсынуды ескерткен. Тасымалдаушылар тарифтер бойынша жаңа есептерді ресми ұсынған. Дегенмен, бүгінге дейін әлі 56 маршрут бойынша есептер ұсынылған жоқ. Айта кетейік, тасымалдаушылар қажетті құжаттарды толық ұсынған жағдайда ғана тарифтік комиссия құрылады», - деп хабарлады қалалық мобильділік басқармасы.