Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда жөндеуден кейін ашылған қоғамдық кеңістік қайта жабылып қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Н.Сац атындағы театрдың алдындағы жаңа қоғамдық кеңістік жақында пайдалануға берілді.

Алматыда жөндеуден кейін ашылған қоғамдық кеңістік қайта жабылып қалды
Фото: Видеодан скрин

Нысан алматылықтар арасында бірден қызығушылық тудырды. Әсіресе, балалар үшін ерекше демалыс орнына айналды. Жаңа қоғамдық кеңістіктің бейнежазбалары әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Алайда Салтанат Махмұт есімді тұрғын бірнеше күнде танымал болған кеңістік қайтадан жабылып қалғанын айтып, бейнежазба жариялады. Ол бұл орынды желіден көріп, балалармен келген. Алайда алаң қоршалып, кіруге шектеу қойылған. Айтуынша, оған қоғамдық кеңістіктің кей тұстары сынуы себеп болған.

Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, тұрғындардың жаңа қоғамдық кеңістікке деген қызығушылығына байланысты алғашқы екі күнде алаңға өте үлкен салмақ түскен.

— Өте көп адамның бір мезетте жиналуынан және ойын элементтерінің белгіленген мөлшерден тыс пайдаланылуынан кейбір құрылымдар зақымданып, уақытша істен шықты, — деп хабарлады басқарма өкілдері.

Сонымен қатар ведомство алаң жабылуына құрғақ фонтанның су жүйесіне жоспардан тыс техникалық қызмет көрсету қажеттілігі де әсер еткенін атап өтті.

— Балалардың суда белсенді ойнауынан су тез ластанған. Кішкентай келушілердің денсаулығына төнетін қауіп-қатерді толықтай жою үшін мамандар химиялық реагенттерді толық ауыстырып, сүзгілеу жүйелерін тазалау және реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта нысанда қалпына келтіру және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы — біз үшін басты басымдық, сондықтан барлық техникалық процедура аяқталған бойда алаң қайта ашылады, — делінген басқарма жауабында.

Еске салайық, 2025 жылы Алматыда Н.Сац атындағы театрды жаңғырту жұмыстары басталды.

Жоба құны — 24 млрд теңгеге жуық. Жаңарған нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс.