Алматыда ЖРВИ-мен сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалады
Алматыда жіті респираторлы вирусты инфекция «ЖРВИ» жұқтырудың маусымдық өсуі байқалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанудың 4,6% - ға өскені байқалады.Тіркелген жағдайлардың 65,1% - ы балаларға тиесілі.
«Қазіргі уақытта тұмаудың зертханалық расталған жағдайлары тіркелген жоқ, ЖРВИ вирустары риновирус ретінде таралуда. ДДҰ-ның эпидемиологиялық және зертханалық деректерін ескерсек, алдағы күз-қыс маусымында В вирусының қосылуымен А/H1N1/ pdm09 және А/H3N2 типті вирус субтиптерінің параллель айналымын және ықтималдықтың үлкен үлесін, сондай-ақ, басқа тұмау вирустары арасында А/H1N1/ pdm09 тұмау вирусының басым болатынын болжауға болады», - деді Әсел Қалықова.
Эпидемиологтың айтуынша, тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі - дер кезінде вакцинациядан өту.
«Қалада 2023 жылғы 25 қыркүйектен бастап «тәуекел тобындағы» адамдарды тұмауға қарсы вакцинациялау басталды, бұл топқа медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының балалары және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлері, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, 2-ші немесе 3-ші триместрдегі жүкті әйелдер кіреді. Осы жылдың 27 қыркүйегінде тұмауға қарсы «тәуекел тобындағы» 18348 адам вакцинацияланды. Тұмауға қарсы екпелер ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін жүргізіледі», - деді спикер.
Сондай-ақ, ол жеке медициналық орталықтарда тұмауға қарсы екпе алғысы келетін халыққа, оның ішінде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен түрлі саладағы қызметкерлерге ақылы негізде вакцинация жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, халықты иммундау үшін тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды.
«Гриппол+» инактивацияланған вакцина Ресейде өндірілген және құрамында тұмау вирусының А (H1N1 және H3N2) және В қосалқы типінің штамдары бар.