Алматыда ЖРВИ жұқтырғандар саны азаймай отыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы ЖРВИ бойынша эпиджағдай туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.
Ол қалада ЖРВИ сырқатының маусымдық өсуі байқалатынын атап өтті. Айтуынша, өткен аптада 14 720 адам тұмау жұқтырған.
Бұл оған дейінгі аптадағы көрсеткіштен 5,2% жоғары, ол кезде 13 980 жағдай болды. Науқастардың басым бөлігі — балалар, жалпы көрсеткіште олардың үлесі — 57,5%.
Әсел Қалықованың сөзінше, қаланың 170 мектебінде ЖРВИ жұқтыруы саны шекті көрсеткіштен аспайды. Барлығы тұмаудың 1045 жағдайы тіркелген. Бұл оқушылар арасында 10 пайыздан төмен.
— Жаппай аурушаңдықты болдырмау мақсатында мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде таңертеңгілік фильтрлердің жұмысы күшейтілді. Емханаларда температурасы бар науқастар бөлек қабылданады. ЖРВИ, тұмау ауруымен ауыратындарға көмек көрсету үшін қосымша телефон мен автокөліктер бөлінген, кезекші дәрігерлердің жұмыс істеу кестесі ұзартылды, — деді департамент өкілі.
Еске салайық, бұған дейін ЖРВИ жұқтыруы көрсеткіші 6,8%-ға көбейіп, Алматыда 13980 жағдай тіркелгенін жазғанбыз.