Алматыда ЖРВИ жұқтырғандардың жартысынан көбі — бала

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда маусымдық тұмау вирусының таралуы ресми түрде расталды. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері зертханалық жолмен 25 адамнан тұмау анықталды.

Тұмау бала
Фото: ашық дереккөз

Биыл мегаполисте бір мезгілде тұмаудың үш штамы таралуы мүмкін. Мұны Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Қаткенова мәлімдеді.

Эпидемиологтардың дерегінше, қазір қалада вирустың екі түрі айналымда жүр:

  • 22 адамнан А (H1N1) (шошқа тұмауы);
  • 3 адамнан В типті тұмау анықталған.

Науқастардың барлығына ем тағайындалған. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.

Алматыда ЖРВИ жұқтырғандардың жартысынан көбі — бала
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Ал 2026–2027 жылғы эпидемиологиялық маусымда мамандар тұмаудың тағы бір түрі — А (H3N2) (гонконг тұмауы), сондай-ақ В типті вирустың Victoria желісі таралуы мүмкін деп болжап отыр.

Қазір респираторлық инфекциялардың басым бөлігі кәмелетке толмағандар арасында тіркеліп жатыр. Қалада ЖРВИ жұқтырғандардың 55,3%-ы — балалар. Соңғы аптада олардың арасында 9 316 жағдай анықталған.

Бұдан бөлек, мегаполисте 143 мектепте 520 оқушы ауырған.

Сыныптарда инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық білім беру ұйымында күнделікті таңертеңгі және ауысымдық сүзгілер енгізілген. Санитариялық дәрігерлер ата-аналардан суық тию белгілері байқалған балаларды мектепке, балабақшаға және көпшілік іс-шараларға жібермеуді сұрайды.

Тұмау тіркелгеніне қарамастан, Алматыдағы жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аурушаңдық көрсеткіші бақылау деңгейінен аспайды.

Өткен аптада қалада ЖРВИ-дің 16 841 жағдайы анықталған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 3,8% аз. Ал былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 39%-ға төмен.

Қаладағы медициналық ұйымдарда науқастар ағынын бөлу үшін кіреберіс сүзгілері ұйымдастырылған. Сонымен қатар дәрігерлердің үйге баруына арналған қосымша телефон желілері мен көлік бөлінген.

Мамандар қала тұрғындарына адам көп жиналатын орындарда бетперде тағуға, бөлмелерді жиі желдетуге және аурудың алғашқы белгілері байқалғанда өз бетінше емделмеуге кеңес береді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны артқанын жазғанбыз.