Алматыда жүкті әйелдің жүрегіне күрделі ота жасалды

медицина
Фото: ҚазАқпарат

Қалалық кардиология орталығында жүктілігі 6 айдан асқан әйелдің жүрегіне бірегей операция жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, операция кардиология орталығы ұйымдастырған шеберлік сағаты аясында Ресей Федерациясының үздік аритмологы Сергей Артеменконың қатысуымен өткен. 

Пациент орталыққа аритмияның жоғары жиілігімен ауыр жағдайда, шамамен минутына 240 соққыға жететін жағдайда түскен. Негізгі норма — 90 болуы керек.

Дәрігерлер жүкті әйелге Вольф-Паркинсон-Уайт синдромы, тахикардия диагнозын қойды.

Жоғары тәуекелге қарамастан, консилиумның шешімімен хирургиялық ота жасау жөнінде шешім қабылданды.

Аритмология бөлімінің меңгерушісі Бекжан Рысмендиев ресейлік әріптесі Сергей Артеменкомен бірге жүрек ырғағының бұзылуын емдеу үшін екі сағаттық хирургиялық операция — радиожиілікті катетерлік абляция жүргізді.

«Бұл шағын инвазивті әдіс, жергілікті анестезиямен жасалды. Еш кесусіз екі пункция арқылы біз патологиялық ошақты „зергерлік“ түрде жоя алдық. Операция сәтті өтті. Әйелдің және құрсағындағы баланың жағдайы жақсы. Дәл осы орталықта мұндай операция алғаш рет жасалды және бұл соңғы рет емес деп үміттенемін. Мұндағы жабдық заманауи стандарттарға сәйкес келеді, оның көмегімен жүрек ырғағының бұзылуымен байланысты кез келген операцияны, соның ішінде жүкті әйелдерді де жасауға болады», — деп атап өтті Сергей Артеменко.

Болашақ ананың сөзінше, дәрігерлер оған жүрек ырғағының бұзылуы диагнозын былтыр қойған.

«Өткен жылы маған туабіткен жүрек ырғағының бұзылуы диагнозы қойылды. Бірақ ауру мені мазалаған емес. Әрине, диагнозды білгеннен кейін уақытында ота жасау керек еді, бірақ, өкінішке қарай, осылай болды. Бала үшін қатты уайымдадым. Құдайға шүкір, дәрігерлер бәрі жақсы өтті деді. Менің және баламның өмірін сақтап қалғаны үшін дәрігерлерге көп рахмет. Кез келген операция тәуекел екенін түсінемін. Ал жүкті болған кезде бұл тәуекел екі есе артады», — дейді жүкті әйел.

Қалалық кардиоорталық директоры Роза Кунышбекованың айтуынша, бұл —ерекше тәжірибе. Мұндай ауру ауыр жүрек проблемаларына әкелуі мүмкін.

«Аритмияны дұрыс диагностикалау науқастың болжамын түбегейлі өзгертеді, уақтылы емдеу тактикасымен ауру қауіпті болмайды. Жүректің аритмогендік аймақтарына жоғары жиілікті токтың нүктелік әсерінің нәтижесінде жүрек соғысы нақты қалыпқа келтіріледі. Бұл пациентке қалыпты өмірге оралуға, жүктілікті соңына дейін жеткізуге және ана болуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.

Дәрігердің айтуынша, шеберлік саьағы 7 күн өтеді, 4 күнде 35 операция жасалды.

Мұндай операцияға туабіткен және жүре пайда болған патологиялар алынды.

Соңғы жаңалықтар