Алматыда жүрегі ауыратын науқастарға смартфон арқылы басқарылатын дефибрилляторлар орнатылды
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында пациенттерге қашықтан мониторинг жүйесіне қосу мүмкіндігімен жаңа буын дефибрилляторы орнатылды. Сол арқылы қашықтан бақылауға болады. Ол үшін науқастың ұялы телефонына арнайы бағдарлама жүктеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдығып, дефибриллятор қойылған науқастар қашықтан мониторинг жүйесіне қосылады. Мұндай технология кез келген жерден бақылауға мүмкіндік береді.

«Алматыда алғаш рет біздің клиникада жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар пациенттерге қашықтан мониторинг жүйесіне қосу мүмкіндігімен жаңа буын дефибрилляторлары имплантацияланды. Мұндай технология жүректің кенеттен тоқтап қалуын, аурудың ауыр зардаптарын болдырмау үшін емдеу схемасын түзетеді. Бұл республикалық орталықтарға дефифибрилятор имплантацияланғаннан кейін тексеруге келе алмайтын елдің басқа аймақтарынан келген науқастар үшін өте қолайлы. Заманауи технологиялар пациенттің телефонына арнайы қосымшаны орнату арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Дербес деректер шифрланады және орталықтандырылған серверге түседі, оған тек осы саладағы сертификатталған мамандар ғана қол жеткізе алады», - дейді Марат Пашимов.
Жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Багдат Ахыт сөзінші, қазір қазақстандық дәрігерлер кардиостимуляторды енгізуді жақсы меңгеріп алған. Бірақ электродтарды имплантациялау бойынша әлі де тәжірибені арттыра түсу керек.
«Экстракция (алу) кезіндегі клиникалық жағдай тез өзгеруі мүмкін, сондықтан команда кез келген жағдайға дайын болуы керек. Ұзақ уақыт имплантацияланған электрод алынған кезде жүрек бұлшықетінің жыртылуы сияқты асқынуларға немесе өлімге әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда операция нәтижесі команданың - тек аритмологтар ғана емес, сонымен қатар анестезиологтар, трансфузиологтар, перфузиологтар, кардиохирургтар, техникалық қызметкерлер және басқалардың үйлесімді жұмысымен қамтамасыз етіледі»,- деді ол.
Ресейлік аритмолог дәрігер Сергей Артеменко қазақстандық әріптестеріне дәл осы жүрек ырғағы мен өткізгіштігіне қатысты білгенімен бөлісуге арнайы келген. 10 күн ішінде 50-ге жуық операция жасау жоспарланып отыр.