Алматыда жүргізуші қарсы жолаққа шығып, бірнеше көлік соқтығысты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Жетісу ауданындағы Солтүстік айналма жолында үш көлік жол апатына түсті.

а
Фото: Видеодан скрин

Алматы полициясының мәліметінше, оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Toyota жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, қарсы бағытта келе жатқан Chevrolet көлігімен соқтығысқан. Соққыдан Chevrolet инерциямен қозғалып, тағы бір көлікке, яғни Volvo-ға соғылған.

Жол-көлік оқиғасына қатысушылардың бірнешеуіне медициналық көмек қажет болды. Апаттың өзге де мән-жайлары мен себептері анықталып жатыр.

— Полиция қарсы қозғалыс жолағына шығу жолдағы ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі екенін ескертеді. Рөлдегі бір қателік санаулы секунд ішінде бірнеше адамның өмірі мен денсаулығына әсер ететін ауыр зардапқа әкелуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Қонаевта бала көлік астына түсіп, мерт болған еді.