Алматыда журналистерге шабуыл жасаған 5 адамға сот үкімі шықты

Алматыда журналистерге шабуыл ұйымдастырған бірнеше тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform.

сотталды
Фото: Kazinform

Алматы қаласының ювеналды сотында журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген айып бойынша Токаревке қатысты қылмыстық іс қаралды.

Оған журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылықты бұзды, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартты, қорқытты, бұзақылық жасады, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген бірқатар айып тағылды.

Сондай-ақ бұзақылық жасау және бөтеннің мүлкін қасақана жою деректері бойынша кәмелетке толмаған К., Т., С. және А.-ға қатысты іс қаралды.

«Судья Токаревті шартты түрде 4,5 жылға, ал кәмелетке толмаған қалған төрт қатысушыны 1 жылға және 4 айға шартты түрде жазалауға үкім шығарды», - деп хабарлады соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірген Аркадий Клебанов (Маневич) сот үкімімен түрмеге емес, психиатриялық клиникаға емделуге жіберілгені туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар