Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананы жөндеуге 10,6 млрд теңге бөлінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Осы жылдың наурыз айында Алматыда ірі медициналық мекемелердің бірі №4 қалалық клиникалық аурухананың ғимаратын қайта құру жұмыстары басталады.

Жақында қалалық құрылыс басқармасы Түрксіб ауданында Папанин көшесі, 220 мекенжайында орналасқан шаруашылық жүргізу құқығындағы «№ 4 қалалық клиникалық аурухана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ғимаратын қалпына келтіруге тендер өткізді. Оның жалпы құны - 10,6 млрд теңге. Байқау жеңімпазы «BiGlobal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды.
Не өзгереді
Біздің агенттіктің сауалына әкімдік бұл қаражаттың нақты не үшін жұмсалатынын түсіндірді. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, қайта қалпына келтіру аясында, бірінші қабатта орналасқан қабылдау бөліміндегі №1, 2, 3, 4, 5а блоктары жаңартылып, сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, инженерлік жабдықтар мен желілер ауыстырылады.
Сондай-ақ жаңа бөлімшелер құру жоспарда. Атап айтар болсақ, шұғыл қабылдау бөлімі, операциялық блоктар, жансақтау, радиациялық диагностика және травматология бөлімі. Модернизацияның маңызды бөлігі инженерлік жүйелерді жаңарту – желдетуді, жылу, сумен жабдықтауды, кәріз және электр желілерін ауыстыру, сондай-ақ лифтілерді ауыстыру болмақ.
Сонымен қатар, аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықталады.
— Жоба сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инфрақұрылымды жақсартуды, соның ішінде пандустарды, лифттерді және навигациялық жүйені орнатуды қамтиды, — деп атап өтті құрылыс басқармасынан.
Әкімдіктен жобаның халықаралық стандарттарға (JCI, ISO) сәйкес келетінін және ғимараттың энергия тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Құрыл жұмыстары осы жылдың наурыз айына жоспарланған. Келісімшарттың мерзімі — 11 ай.
Аурухана штаттық режимде жұмыс істейтін болады

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімін қайта құру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде жоспарлы және шұғыл ауруханаға жатқызу қалыпты режимде жұмыс істейтінін жеткізді.
— Әзірленген қайта құру жоспарына сәйкес, клиниканың жедел жәрдем қызметінің оның ішінде №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімі мен травматологиялық пунктінің, сондай-ақ мамандандырылған стационарлық бөлімшелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қарастырылған, — деп толықтырды ведомстводан.
№4 қалалық клиникалық ауруханаға күн сайын 250-ге жуық науқас шұғыл медициналық көмекке жүгінеді, бұл жылына шамамен 90 000 келуші. №4 қалалық клиникалық аурухана Түрксіб, Жетісу аудандары мен Алматы қаласы Алатау ауданының бір бөлігінің тұрғындарына қызмет көрсетеді, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінен де науқастарды қабылдайды.
Айта кетейік, Алматыда осы жылы 120-дан астам әлеуметтік нысанды қайта жаңарту және салу жоспарда тұр.