Алматыдағы 40 қабатты кешен: құрылыс аумағында не болып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 40 қабатты кешен салынбақ болған аумақта жұмыс жалғасып жатыр. Бұған дейін қала әкімдігі құрылысқа тыйым салу жөнінде нұсқама берген еді.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұған дейін Rams компаниясы әкімдіктің тыйымына қарамастан, құрылысты қайта жалғастырғанын мәлімдеген. Осыдан кейін Kazinfom.kz тілшісі 2 қыркүйекте құрылыс жүріп жатқан аумаққа барып қайтты.
Онда экскаваторлар мен жүк көліктері жұмыс істеп, жұмысшылар да жүр.

Алайда құрылыс компаниясының өкілдері нысанда құрылыс емес, ескі ғимаратты бұзу жұмыстары жүріп жатқанын түсіндірді.

Редакция бұл жағдайға Алматы әкімдігіне ресми сауал жолдады. Алайда материал жарияланғанға дейін жауап келмеді.

Бұған дейін Алматыда RAMS Beyond атты 40 қабатты кешеннің құрылысы уақытша тоқтатылғаны хабарланған еді. Бұл нысанға қатысты қоғамда резонанс байқалды.
Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, жер иесіне қатысты тұрғындардың шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр.
Тексеру барысында құрылыс компаниясы жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз және құрылыс басталғаны туралы хабарламай жұмыс бастағаны анықталған.