Алматыдағы «ақылды» бағдаршамдар мен кептелістер: не өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көлік ағымын реттеудің заманауи жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Басымдық қала көшелеріндегі қозғалысты реттейтін «ақылды» бағдаршамдарға берілмек. Қазір тұрғындар мен қала қонақтары тарапынан бұл нысандардың жұмысына қатысты шағым өте көп.
Алматы тұрғындарының айтуынша, бағдаршамдар жиі істен шығады, таймер көрсеткішіне қарамастан, оның түсі күтпеген жерден жасылдан қызылға ауысып немесе бір түсте ұзақ уақыт тұрып қалуы мүмкін. Салдарынан бір көшеде ұзын-сонар кептеліс пайда болса, екіншісінде көліктер еркін қозғалады.
Жол қозғалысын реттеуде мұндай олқылықтардың тууына не себеп? Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы осыған қатысты түсініктеме берді.
Басқарманың Kazinform сұрауына берген жауабына сәйкес, Алматыда қазіргі таңда 642 бағдаршам нысаны жұмыс істейді Олардың ішінде тек 98 бағдаршам ғана жол қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесінің бірінші кезеңі аясында жаңғыртылған. Бұл бағдаршамдар қазіргі талаптарға сай және көлік қозғалысын басқаруда мүмкіндіктері зор.
– Жобаны толық жүзеге асырып, қаланың көлік ағымын өткізу мүмкіндігін арттыру үшін екінші кезеңде қалған 544 бағдаршамды жаңғыртып, қайта құру жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары бюджет қаражаты бөлінген жағдайда 2026 жылы басталады. Жоба толық іске асқаннан кейін, бұл жүйе қиылыстардағы жол қозғалысын нақты уақыт режимінде реттеуге мүмкіндік береді. Ол көлік қозғалысының нақты қарқындылығын ескеріп, қозғалыс статистикасын есептеп, таймер таблоларының жұмысын да жағдайға қарай автоматты түрде реттейтін болады, - дейді Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы өкілдері.
Жалпы, «ақылды» бағдаршамдар – көлік қозғалысын реттеу аясында жүргізілетін ауқымды реформаның тек бір бөлігі ғана.
Алматының Цифрландыру басқармасының мәліметінше, «Алматының цифрлық егізі» жобасы енгізілгеннен кейін жол қозғалысын реттеу жүйесі қайта ұйымдастырылмақ.
– Бұл цифрлық жоба Алматыны заманауи басқарудың негізгі құралына айналады. Инженерлік желілер, көлік, инфрақұрылым және түрлі қалалық процестер туралы деректерді бір платформаға біріктіру арқылы бұл жоба нақты модельдеу мен болжауға негізделген проактивті жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бұл платформа қала ұтқырлығын дәл талдауға жағдай жасайды. Мобильді операторлардың деректері, ONAY жүйесі, датчиктер және басқа да дереккөздер негізінде қала тұрғындардың нақты қозғалысын модельдей алады, қоғамдық көлік бағыттарын жоспарлайды, енгізілген өзгерістердің тиімділігін бағалайды және тексерілген деректерге сүйеніп шешім қабылдай алады. Нәтижесінде көлік қызметінің сапасы артады және қалалық сервистер тұрғындар үшін қолайлы бола түседі, - делінген басқарма хабарламасында.
Әлемдік тәжірибе мұндай шешімдердің тиімді екенін көрсетеді: мысалы, Шэньчжэньде цифрлық нұсқа жобаларды келісу мерзімін екі есеге қысқартқан, Сингапурда — инфрақұрылымды жобалау мен басқару шығындарын азайтқан, ал БАӘ қалалары көлік ағындарын оңтайландыру және желі жүктемесінің алдын алу үшін пайдаланады.
– Тұрғындар өз аудандарындағы жұмыстар туралы хабарламалар алады, инфрақұрылымдық жобалардың барысын бақылайды, балама бағыттар туралы ақпарат ала алады. Жүйе техникалық шарттарды беру және келісу мерзімдерін де қысқартады. Цифрлық егіз ең алдымен қалалық инфрақұрылымды тиімді жоспарлау мен басқаруға арналған. Жүйенің негізінде үлкен деректерді талдау, болжау және модельдеу жатыр. Бұл процестер жасанды интеллект құралдары арқылы жүзеге асырылады. ЖИ деректерді өңдеп, заңдылықтарды анықтап, болжамдар жасап, басқарушылық шешімдер қабылдауға ұсыныстар береді, - дейді басқарма өкілдері.
Ал «цифрлық егіз» жобасы толық іске қосылып, «ақылды» бағдаршамдар жұмысы жетілдірілгенге дейін, алматылықтарға мамандар бірнеше кеңес берді.
Мәселен, Алматыда бағдаршамдар ұзақ уақыт бір түспен тұрып қалса немесе дұрыс жұмыс істемесе, дереу жол қозғалысына жауапты жергілікті қызметтерге - Алматы полиция департаментіне немесе қаланың бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі – 112-ге хабарласу қажет. Бұл мәселе жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, мамандар олқылықты жоюға жедел жіберіледі.
Бұған дейін Алматыда ЖИ көмегімен «ақылды қала» жүйесі дамып жатқанын жазған едік.