Алматыдағы аттракционда жас қыз жарақат алды – полиция іс қозғады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда аттракционға отырған қыз жарақат алды.

Бұл туралы әлеуметтік желіде баланың анасы Мадина Аскенова жазды.
Оның айтуынша, қызы Family Park аттракционына отырған кезде механизм оқыс қосылып, тым жылдам айналған. Нәтижесінде бала темір құрылымға соғылып, алған жарақаттан көп қан жоғалтқан.

Алматы қаласының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Аталған дерек бойынша Әуезов ауданының полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы 2-бөлігі бойынша (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) тергеу жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан кешенді тергеу шараларының нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, - деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, Арбатта масаң күйде жатқан жасөспірімдердің ата-аналары жазаланды.