Алматыдағы автобус апаты: прокурор айыпталушыны 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «5:32» сериалының продюсері себепкер болған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.

Іс Алмалы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қаралып жатыр. 28 жастағы әйелге көлiк құралын басқару кезінде жолда жүру қағидаларын бұзу, оның ішінде абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша айып тағылып отыр.
Прокурор соттан Анель Саратаеваны кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Соттан Анель Сартаева жазасын ең төменгі түзеу мекемесінде өтеуді, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы жаза тағайындауды және бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне ауыстырылуын сұраймын», - деді прокурор.
Айыптаушының сөзінше, Сартаеваның жазасын жеңілдететін мән-жайларға оның шын жүректен өкінуі, кінәсін мойындауы, жас баласының болуы, сондай-ақ қылмыстың бірінші рет жасалуы және ауырлығы төмен болуы жатады.
Осыған дейін, жол апатынан қаза болған марқұмның отбасы жүргізушіні кешіргені туралы жазған едік.
Еске салайық, 26 маусым күні қоғамдық көлік пен жеңіл машина соқтығысқан еді. Салдарынан 16 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты.
Кейін қоғамдық көлік камерасы түсірген бейнежазба желіде тарады.
Автобустың апатқа ұшырауына «5:32» сериалының продюсері себепкер болған.
Кейін күдікті деп танылған жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева тергеу уақытында үй қамағында болатыны туралы жазған едік.