Алматыдағы автобус апаты: прокурор сотталушыны 8 жылға соттауды сұрады

Алматыдағы автобус апаты: прокурор сотталушыны 8 жылға соттауды сұрады
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Бүгінгі жарыссөзде прокурор іс бойынша айыптау актісін оқыды. Оның айтуынша, 2023 жылдың 22 желтоқсаны күні кешке № 47-бағыттағы автобустың жолаушысы Дархан Ахметжанов пен жүргізуші Ермек Шөкебаеваның арасында жол ақысын төлемеуге байланысты жанжал шыққан.

«Ахметжанов жүргізушінің жол ақысын төле деген талабына ашуланып, жүргізушіден көліктің рұқсат етілмеген жерінде тоқтатуды талап еткен. Бірақ, жүргізуші тоқтаған жоқ, өйткені ол бұл жол ережесін бұзу екенін білді. Содан кейін айыпталушы автобустың жүргізушісі Шөкебаеваға оң қолымен екі рет соққа жасаған. Шөкебаева осы жағдайда бірнеше секундттқа есінен танып, жол бойындағы жаяу жүргіншілер мен көлікті қаққан», – деді прокурор.

Прокурордың айтуынша, айып толық дәлелденген. Сотталушы кінәсін толық мойындамаған.

«Құрметті сот, сотталушының жеке басын, жәбірленуші тараптың пікірін, қылмыстың қоғамға қауіптілігін ескере отырып, Ахметжанов Дархан Маратұлын ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі, ҚР ҚК 351-бабының 3-бөлімімен кінәлі деп танып 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», – дейді ол.

Бұған дейін сотталушы Ахметжанов 293-баптың 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша ғана кінәсін мойындап, адамдардың өліміне жүргізушіні кінәлаған болатын. 

Айта кетейік, ҚР Жоғарғы Соты Алматыдағы автобус апатына қатысты кезекті сот отырысын тікелей эфирде көрсету туралы шешім қабылдады. Сол себепті кезекті сот отырысының онлайн трансляциясы Жоғарғы Соттың YouTube-каналында көрсетілді. 

Еске салсақ, өткен жылы желтоқсан айында Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде Дархан Ахметжанов жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан. Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды. 

Соңғы жаңалықтар