Алматыдағы автобус апаты: сотталушы өзін тек «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп санайды

Автобус жүргізушісін ұрған
Фото: Думан Арғынгелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда үш адамның өліміне әкелген бұзақылық және көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ережелерін бұзды деп айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сот отырысы онлайн-трансляция арқылы көрсетілді.

Еске салсақ, өткен сот отырысында жәбірленуші тарап сотталушы мен жауапкерден материалдық және моральдық өтемақы төлеу жөнінде талап қойған болатын. Сот барысында сотталушы Дархан Ахметжанов, автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева, «Думан Транс» ЖШС өкілі бұл тарап арызды қолдамайтындарын айтты.

Өз кезегінде «Думан Транс» ЖШС өкілі 47-ші бағыттағы автобусты өндіруші Самарқанд автокөлік зауытының жазбаша жауабын ұсынды.

«Автобустарға орнатылған бейнебақылау жүйесінің дыбыс жазу мүмкіндігі жоқ», - делінген зауыттың жауабында.

Сот отырысы барысында сотталушы мен автобус жүргізушісі Шөкебаеваға нақтылау сұрақтары қойылды, олар бұрынғы жауаптарын қайталап айтып берді. Сондай-ақ сот қылмыстық іс материалдарын зерттеді.

Ал сотталушы Ахметжанов 293-баптың 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша ғана кінәсін мойындап, адамдардың өліміне жүргізушіні кінәлады. Оның айтуынша, Шөкебаева соққыдан соң есін жоғалтпаған.

«Жүргізуші Ермек Шөкебаева есін жоғалтқан жоқ. Мен оны нақты білемін. Мен оны ұрған кезде ол маған ашуланып: «Біз қазір соғыламыз, мен саған көрсетемін», - деп, мені қорқыту үшін газды басты. Оқиға болған соң, көліктен шығуға тырысқанымда ол: «Оны ұстаңдар», - деп жатты», - деді сотталушы Дархан Ахметжанов.

Автобус апатында қайтыс болған Айдос Әлменбаевтың әйелі Айнұр Құсайынова да автобус жүргізушісін кінәлі санайды. Ол жүргізуші қоғамдық көліктегі барлық жолаушының өміріне жауапты екенін айтты.

Өз кезегінде автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева басқа көлікке соқтығысып, жолаушыдан өш алу туралы ешқандай ойы болмағанын айтты.

Судья Т.Шакировтің шешімімен сот отырысы 25 сәуірге шегерілді. Бұл сот отырысында жарыссөз өтетін болады.

Айта кетейік, ҚР Жоғарғы Соты Алматыдағы автобус апатына қатысты кезекті сот отырысын тікелей эфирде көрсету туралы шешім қабылдады. Сол себепті кезекті сот отырысының онлайн трансляциясы Жоғарғы Соттың YouTube-каналында көрсетілді

Еске салсақ, өткен жылы желтоқсан айында Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде Дархан Ахметжанов жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан. Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды

Осыған байланысты соттталушы Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы биыл 20 наурызда басталған еді.

Соңғы жаңалықтар