Алматыдағы бас ботаникалық бақта жылыжай құрылысы аяқталмай қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының бас ботаникалық бағының әкімшілігі жылыжайды қалпына келтіруге қатысты дабыл қақты. Мамандардың айтуынша, жағдай қиын. «Строительная компания ШАХ» ЖШС құрылысты аяқтамай кеткен.

«Жылыжай 1969 жылы салынған, ауданы 1025 шаршы метр. Ғимараттың 50 жыл ішінде табиғи тозуы барлық дерлік металл құрылымдардың коррозияға ұшырауына, іргетастың жартылай бұзылуына, шыны жабындарының тығыздығының бұзылуына, жалпы, бүкіл жылыжай ғимаратының бұзылуына әккелді, апатты жағдайда болды, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажет болды», - деп түсіндірді ботаникалық бақ өкілдері.
2020 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті.
«2022 жылы конкурс қорытындысы бойынша келісім-шарттар жасалды, мердігер сол жылы жұмысын бастады, бірақ 2022 жылдың соңына қарай құрылыстың сметалық құнын көтеруді талап етіп, құрылыс жұмыстарын тоқтатты», - деп атап өтті ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.
Осыған байланысты Ботаника және фитоинтродукция институты «Строительная компания ШАХ» ЖШС-н мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру жөніндегі міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы талап сотқа арыз берді.
«Бүгінгі күнге дейін Ботаника және фитоинтродукция институты барлық сот процестерін, соның ішінде апелляциялық сот инстанцияларында да жеңіп шықты. Соған қарамастан мердігер құрылыс жұмыстарын аяқтаған жоқ. 2024 жылдың 30 сәуірінде «Строительная компания ШАХ» ЖШС-мен келісім-шарт мерзімі аяқталды», - делінген хабарламада.
Ботаникалық бақ өкілдері, аталған мердігермен келісім-шартты ұзартуға негіз жоқ, жаңа мердігер табу үшін барлық процедуралардан қайта өтіп, жаңа тендер жариялау қажет екендігін атап өтті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл процесс өте ұзақ уақытқа созылады.
«Қазір жағдай күрделі. Сондықтан біз құрылыс жұмысын аяқтауға көмек қолын созатын демеушілер, меценаттар және кез келген қаржы көздерін іздеп жатқанымызды ашық айтамыз», - деп қортындылады бас ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.