Алматыдағы Баум тоғайында белгісіз адамдар ағаштарды заңсыз кескен
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Баум тоғайында ағаштарды заңсыз кесу дерегі анықталды.
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасына қарасты «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің мәліметінше, 25 қазаннан 26 қазанға қараған түні бейтаныс адамдар үшкір жапырақты үйеңкі мен ақ қараған ағаштарын заңсыз кескен.
Сондай-ақ олардың негізінен майда жапырақты қарағаш тұқымдасына жататын 11 ағаштың кесуге дайындалғаны анықталған.
– Оқиға орнынан екі қол ара мен бір бензин ара табылды, - делінген хабарламада.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, 24 қазанда мұндай құқықбұзушылықтар тіркелмеген.
Қазіргі уақытта кезекші инспектор табиғат қорғау полициясына тиісті арыз жолдаған.
Еске салайық, бұған дейін Баум тоғайында абаттандыру жұмыстары аясында бірде-бір ағаш кесілмейтінін хабарлағанбыз.
Қазір тоғайда 104 429 ағаш және 5 081 бұта бар.