Алматыдағы ботаникалық бақта сирек кездесетін өсімдік гүлдеді

Сирек кездесетін өсімдік гүлдеді
Фото: botsadkz

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы ботаникалық бақтың «Альпинарий» жабық учаскесінде Қызыл кітапқа енген тағы бір сирек кездесетін өсімдік гүлдеді. Бұл – ақшыл сепкілгүл.

Ақшыл сепкілгүл – лалагүлдер тұқымдасының сепкілгүл туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Мамыр-маусым айларында гүлдеп, шілдеде жеміс береді.
Ботаникалық бақтың баспасөз қызметінің мәліметінше, ақшыл сепкілгүл Жоңғар Алатау мен Тарбағатай тауларында таралған. 

«Ақшыл сепкілгүлдің биіктігі 15-80 см. Бұтақсыз сабағына жапырақтар кезектесіп немесе қарама-қарсы орналасады. Төменгі жапырақтары ланцет тәрізді, ал жоғарғы жапырақтары шоғырланып келеді. Ірі гүлі қоңырау тәрізді, дара немесе 2- 6 гүлі бар иілген шашақ гүл шоғырына бірігеді. Гүл күлтесі сарғыш не ақшыл жасыл, ал оның ішкі жағында қоңыр-кызыл түсті дақтары бар», - деп атап өтті бақтың баспасөз қызметі.  

Ақшыл сепкілгүл қытай, тибет және корей дәстүрлі медицинасында қолданылады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram