Алматыдағы бір аумақта орналасқан ойын-сауық орындарына 167 рет шағым түскен

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Назарбаев даңғылының 120 және 124-үйлерінде орналасқан 11 ойын-сауық орнына байланысты жыл басынан бері полицияға 167 рет шақырту түскен.

Алматыдағы бір аумақта орналасқан ойын-сауық орындарына 167 рет шағым түскен
Фото: ЖИ/Kazinform

Алматыдағы бір көшеде қаз-қатар орналасқан түнгі клубтар мен барлардың қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзуына байланысты 257 әкімшілік хаттама толтырылды. Нысан басшыларына құқық бұзушылықтарға әкеп соғатын себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар жолданды.

Қажетті шараларды қабылдамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 479-бабы «Құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде қабылданған шараларды қабылдамау» бойынша тағы 11 хаттама толтырылды.

Алматы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев аталған аймақ ерекше бақылауда екенін атап өтті.

— Біз тек жасалған құқық бұзушылықтарға емес, тыныштық пен қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты тұрғындардың шағымдарына да жедел ден қоямыз. Ойын-сауық орнын ашып, жұмысын ұйымдастыру оның маңындағы қауіпсіздік пен тәртіпке де жауапкершілік жүктейтінін нысан иелері мен басшылары түсінуі қажет. Біздің міндетіміз — жақын маңдағы үйлерде тұратын азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету, — деді Тимур Ноғайбаев.

Еске салайық, Алматыдағы демалыс орнынан «ойын-сауыққа арналған газ» табылған еді.