Алматыдағы екі көшеде қозғалыс уақытша шектеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Лавренев көшесінде және Береговой мен Ю. Ким көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше, 2025 жылғы 26 қарашада сағат 23:00–ден 28 қараша сағат 6:00–ге дейін Түрксіб ауданында Лавренев көшесі бойынша Наманганская көшесіндегі № 43а үйден Майлин көшесіне дейін, батыс жағымен автокөлік қозғалысы шектеледі.
Мамандар осы көшенің жол бөлігінің астымен өтетін жылу желілеріндегі ақауларға байланысты асфальттың шөгілгенін анықтаған. Жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым өздерінің кепілдік міндеттемелері аясында жүргізеді.
Сонымен қатар 27 қараша күні сағат 09:00–ден 28 қараша сағат 18:00–ге дейін Береговой және Ю. Ким көшелерінің қиылысында солтүстік бағыттағы көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Оңтүстік бағыттағы қозғалыс ашық болады.
Уақытша шектеу жол төсемінің астында орналасқан жабын плитасын ауыстыру жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр. Жоспарлы тексеріс кезінде аталған плитаның зақымданғаны анықталған.
Еске салайық, 26 қарашада республика бойынша қай жолдарда қозғалыс шектелгенін мына жерден білуге болады.