Алматыдағы ескі тас төсеуіш Қаскелеңге қалай жетті - әкімдік түсінік берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық блогер әлеуметтік желіде видео жариялап, онда Уәлиханов көшесіндегі гүлзардан бүтін әрі жап-жаңа тас төсеуіш Қаскелеңдегі жеке үйге жеткізілгенін айтты.

Видеодан блогердің тас төсеуішті тиеген көліктің ізіне түскенін көруге болады. Ол ескі материалды Қаскелеңде орналасқан үйдің иесі жеке мақсатта сатып алғанын анықтаған.
Автордың айтуынша, тас төсеуішті тиеген тағы бір көлік Шамалғанға жеткен. Алайда бұл көлік артынша қалаға оралып, «әкімдіктің қоймасына» кірген.
Бұл видеоға қатысты Алматының Медеу ауданы әкімдігі түсінік берді.
Әкімдік Уәлиханов көшесінде (Шевченко көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі аралықта) абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның аясында ескірген тас төсеуіш ауыстырылып, жаңа жарықтандыру орнатылып, автосуару жүйесі, шағын архитектуралық нысандар мен қоршаулар қойылып, көгалдандыру жұмыстары жасалып жатыр.
– Бұл гүлзарда тас төсеуіш кейінгі рет 2004 жылы ауыстырылды. 2014 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді, бірақ төсеуіш жаңартылған жоқ – тек қоршаулар мен суару жүйесінің бір бөлігі орнатылды. Осылайша, қазіргі төсеуіш 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып, толық ауыстыруды қажет етті, - делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, 2024 жылы жүргізіліп жатқан жөндеу барысында бұрынғы үлгідегі қырлы және ойықты тас төсеуіштің дәл сондай түрін табу мүмкін болмаған. Бұл материал өндірістен шығарылып, техникалық тұрғыдан ескірген. Сонымен қатар бірқатар жерде төсеуіштің тозғаны анықталған.
– Сол себепті мердігер ұйым оны толық ауыстырып жатыр. 500 млн теңге (ҚҚС-мен) тек Уәлиханов гүлзарына емес, басқа нысандарға да жұмсалады. Оның ішінде Шевченкодан Қазыбек биге дейінгі аралықтағы жұмыстарға 296 млн теңге, ал Қарасай батыр гүлзарынан (Достық пен Назарбаев көшелерінің арасындағы бөлік) атқарылып жатқан жұмыстарға 204 млн теңге бөлінді, - деп хабарлады Алматының Медеу ауданы әкімдігі.
Ал әкімдік тас төсеуіштің Алматы облысына жеткізілуіне қатысты келісімшарт бойынша бұзылған материалды кәдеге жарату қарастырылғанын атап өтті.
– Осыған орай мердігер ұйымның өтініші және тапсырыс берушімен келісім негізінде шамамен 90 шаршы метр төсеуіш мұқтаж отбасына берілді. Қалған материал мердігер ұйымның қоймасында сақтаулы, - делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 40 қабатты кешеннің құрылысы тоқтатылғанын жазғанбыз.