Алматыдағы ғимараттардың қаншасы жер сілкінісіне төзімді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматының сәулет және қала құрылысы басқармасы ресми сауалымызға жолдаған жауабында қаладағы ғимараттардың қаншасы жер сілкінісіне төтеп бере алатынын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, Алматының қолданыстағы құрылыс нысандарының сейсмикалық төзімділігін айқындау мақсатында паспорттау жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар екі кезеңде, яғни 2017-2018 жылдары және 2023-2024 жылдары атқарылған.
— 2017-2018 жылдары жүргізілген паспорттау қорытындысы бойынша 10 525 нысан (8 176 — көппәтерлі тұрғын үй, 2 349 — қоғамдық азаматтық ғимарат) зерттелді. Оның ішінде 3 101 нысан сейсмикалық тұрғыдан төзімсіз деп танылды (2 538 — көппәтерлі тұрғын үй, 743 — қоғамдық-азаматтық ғимарат), — делінген хабарламада.
Ал 2023-2024 жылдары жүргізілген паспорттаудың екінші кезеңі шеңберінде 10 916 нысан (1 641 — көппәтерлі тұрғын үй, 9 275 — қоғамдық-азаматтық ғимарат) зерттелді.
Басқарма мәліметінше, оның ішінде 2 562 нысан сейсмикалық тұрғыдан төзімсіз деп танылды (408 — көппәтерлі тұрғын үй, 2 154 — қоғамдық-азаматтық ғимарат).
Бұл олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірқатар шаруа атқарылған.
— Паспорттау нәтижелері негізінде, сондай-ақ қолда бар қаражатты ескере отырып, 2017-2024 жылдар аралығында Алматы қаласының әкімдігі 82 нысанда сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізді, оның ішінде 64 — білім беру, 16 — денсаулық сақтау және 2 — әкімшілік нысан, — делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жер сілкінгенін жазғанбыз.