Хостелдегілердің қашып шығуға мүмкіндіктері аз болды – Сырым Шәріпханов

Алматыда хостелден шыққан өртті сөндіруге тар жол, тыныс алуға қиын орта, қалың түтін кедергі келтірді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өңірлік коммнукациялар қызметі брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

ҚР ТЖМ
Фото: gov.kz

«Мұның бәрі өртті сөндіруге, барлау жүргізуге және адамдарды тез табуға кедергі болды. Осыған қарамастан, өртке қарсы қызмет бөлімшесі өз жұмысын сәтті орындады. Өрт жертөленің дәліз бөлмесінде болды. Жертөледе жинақталған ортопедиялық матрацтардың кесірінен өрт өрши түсті. Шынымен де, жертөледе болғандардың қашып кетуге мүмкіндігі өте аз болды. Оларды біздің өрт сөндірушілер құтқарды», - деді ол.

Ол матрацтар өртеніп, түтін концентрациясының үлкен ошағы пайда болғанын айтты. Алайда өрт қысқа мерзімде өшірілді.

ТЖМ министрі Сырым Шәріпханов қазіргі таңда комиссия мүшелері өрттің себептерін зерттеуге белсенді кіріскенін айтты. Кінәлі және жауапты тұлғалар анықталатын болады.

«Қала әкімдігі баспанасыз қалғандарға көмек көрсетті. Олар көрші жатақханаларға орналастырылды, зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды, оларға тиісті медициналық көмек көрсетіледі. Жақындарынан айырылған адамдар қаралы хабарды естіді. Қаза тапқандардың кім екені анықталды», - деді ол.

Министр хостелде орналасқан студенттер баспанаға мұқтаж екендерін айтпағанын мәлімдеді.

«Олар әкімдікке, оқу орындарына баспанаға мұқтаж екендерін, осы хостелде тұратындарын хабарламаған. Яғни, аталған хостелдің жұмыс істейтіні туралы әкімдік те, басқа да мемлекеттік органдар, оның ішінде ТЖ департаментінде де ешқандай ақпарат болған жоқ», - деді спикер.

Осыған дейін Алматыдағы хостелде өрт кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туыстарына 1 млн теңге көлемінде көмек берілетінін хабарладық.

Соңғы жаңалықтар