Алматыдағы инклюзивті білім беру орталығы жабылмайды — министрлік

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми- практикалық орталығының жабылу ықтималдығы жөніндегі ата-аналардың өтініш-шағымдарына қатысты Оқу-ағарту министрлігі түсінік берді. 

Алматыдағы инклюзивті білім беру орталығы жабылмайды — министрлік
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ведомствода мәлім еткендей, орталықтың жұмысы тоқтайтыны тұралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 

— Керісінше, қазіргі уақытта орталықты Астана қаласында Ғылыми-зерттеу институтына трансформациялау және Алматы қаласында оның білім беру жүйесіндегі үйлестіруші әрі ғылыми-әдістемелік рөлін күшейте отырып, Үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығын құру жұмыстары істеліп жатыр. Қолданыстағы жарғыға сәйкес, Орталықтың негізгі функциясы — елдегі арнайы білім беру жүйесіне ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу мен оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру. Осы мақсатта орталықта арнайы педагогика саласындағы өзекті ғылыми ізденіс бағыттарына байланысты қатысушылар құрамы тұрақты түрде жаңартылып отыратын эксперименттік топтар жұмыс істейді, — делінген хабарламада.

Министрліктен атап өткендей, бұл арнайы балабақша немесе оңалту орталығы емес, инклюзивті білім беру саясатының тұрақты дамуына бағытталған мамандандырылған ғылыми орталық. Ғылыми қызметкерлердің штаттық саны толық сақталды, қысқарту жүргізілген жоқ. Орталықтың жұмысы қалыпты тәртіпте жалғасып жатыр.

— Сонымен қатар, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту — білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін еске саламыз. Бұл бағытта министрлік инклюзивті және арнайы білім беруді жетілдіру мен дамыту бойынша кезең-кезеңімен шаралар қабылдап жатыр. Барлығы бір жылдың ішінде шамамен 20-ға жуық нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Сонымен қатар «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң әзірленіп жатыр, — деді Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығы құрылатыны туралы айтқан болатын

Соңғы жаңалықтар