Алматыдағы «Қалқаман» метро бекеті қашан салынып бітеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының Наурызбай ауданында орналасқан «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталады.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа бекеттің құрылысы жүріп жатқан жерге барып, жұмыс барысымен танысты.
Оның айтуынша, жерасты қабатының ерекшелігіне байланысты қазу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Жер астынан алып тастар кездесіп, бұл процесс арнайы қазу қалқанына кедергі келтіріп отыр. Алайда 28 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінгеннен кейін қазу жылдамдығы тәулігіне 4-5 метрге дейін артуға тиіс.
— Келер жылдың мамыр-маусым айларында мұнда пойыздар қатынай бастайды, — деді депутат Instagram-да жариялаған бейнежазбасында.
Жобаның бас мердігері Bazis Construction компаниясының мәліметінше, бүгінде сол жақ бағыттағы тоннелдің (1 591 м) қазу жұмысы толық аяқталған, жол төсеу жұмыстары басталып кеткен. Оң жақ тоннелдің 950 метрі (1594-тен) қазылып біткен. Сондай-ақ бекетінің алғашқы екі кезеңіндегі бетондау жұмыстары да толық біткен.
Жоспарға сәйкес, тоннел қазу 2026 жылғы қаңтарда аяқталады. Жол төсеу және инженерлік жұмыстар — 2026 жылғы сәуірде, монолитті жұмыстар — 2025 жылғы желтоқсанда, ал сәулеттік әрлеу мен абаттандыру — 2026 жылдың бірінші жартысында бітпек.
Компания өкілдерінің мәлеметінше, норматив бойынша бекет құрылысына 36 ай қарастырылғанымен, нысанды 14 айға ерте аяқтау көзделіп отыр.
Қаржыландыру бірқалыпты бөлінбегендіктен, ол жұмыс қарқынына да әсер еткен. 2020 жылы – 190 млн теңге, 2021 жылы – 600 млн, 2022 жылы – мүлдем қаржы бөлінбеген. Негізгі қаржы 2023 жылдан бастап түсе бастады: 9,2 млрд (2023), 2,3 млрд (2024), 28 млрд (2025), ал 2026 жылы тағы 17 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар жобаға кедергі болған фактордың бірі – бекет аумағындағы тұрғын үйлерді бұзу. Соңғы үйлер 2025 жылғы сәуірде ғана бұзылып, құрылыс алаңы мердігерге ресми тапсырылды.
Бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жаңа бекет құрылысының барысын тексеріп, жұмысты жеделдетуді тапсырған еді.
«Қалқаман» станциясын 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Оның іске қосылуы тәулігіне жолаушылар ағынын 20 мың адамға арттырады деп күтілген. Алайда кейін мерзім 2026 жылға шегерілді.
Сонымен қатар, 2030 жылға дейін «Барлық» базарына дейін тағы үш бекет салу көзделген. Онда ірі көлік-логистикалық торап — Батыс автовокзалы, LRT және метро бекеттері бар көлік хабы құрылмақ.
Бұдан бөлек, Алматы метросының үшінші желісі «Алатау» қаласынан «Мизам» базары арқылы қазіргі «Сайран» бекетіне дейін тартылуы мүмкін.
2024 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаев та әуежай бағытына жаңа желі салу жобасы әзірленіп жатқанын айтқан еді. Ұзындығы 14 шақырым болатын бұл желі «Жібек жолы» бекетінен шығып, әуежайға дейін созылады.
Жалпы алғанда, Алматыдағы жаңа метро бекеттерін салуға шамамен 1 млрд доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр.